Орталық Жаңалықтары

ICC Арбитраж қағидалары 2026: тиімділікке, цифрландыруға және істерді тиімді басқаруға бағытталған жаңартулар

ҚР ҰКП «Атамекен» Арбитраж орталығы бизнес өкілдерінің назарын Халықаралық сауда палатасының жаңартылған Арбитраж қағидаларының — ICC Arbitration Rules 2026 — күшіне енгеніне аударады.

Жаңа редакция 2026 жылғы 1 маусымнан бастап осы күннен кейін ICC Халықаралық арбитраж сотына берілген арбитраждық талқылауларға қолданылады, егер тараптар қағидалардың бұрынғы редакциясын қолдануды келіспеген болса.

Өзгерістер халықаралық арбитраждың негізгі артықшылықтарын — рәсім икемділігін, бейтараптықты, процестік адалдықты және тараптардың автономиясын сақтай отырып, арбитраждық істерді басқарудың тиімділігін, айқындығын және сапасын арттыруға бағытталған.

Маңызды жаңалықтардың бірі — жалпы қағида ретінде электрондық жазбаша коммуникацияларға көшу. Бұл құжат алмасуды жеделдетуге, әкімшілік жүктемені азайтуға және тараптар, арбитрлер мен арбитраж институты арасындағы өзара іс-қимыл ыңғайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жеделдетілген арбитраж мүмкіндіктері кеңейтілуде: 2026 жылғы 1 маусымнан бастап жасалған арбитраждық келісімдер үшін Expedited Procedure Provisions-ті автоматты түрде қолдану шегі 4 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтылды. Бұдан бөлек, тараптардың келісімі бойынша қолданылатын барынша жеделдетілген арбитраж туралы ережелер — Highly Expedited Arbitration Provisions — енгізілуде.

Қазақстандық компаниялар үшін бұл өзгерістер сауатты жасалған арбитраждық ескертпенің маңыздылығын көрсетеді. Ол даудың қай жерде және қандай қағидалар бойынша қаралатынын, арбитраж құрамын, талқылау тілін, арбитраж орнын және қолданылатын құқықты алдын ала айқындайды.

ҚР ҰКП «Атамекен» Арбитраж орталығы кәсіпкерлерге шарттың дауларды шешу туралы бөліміне ерекше назар аударуды және Орталық шарттарға енгізу үшін дайындаған Төрелік ескертпе үлгісін пайдалануды ұсынады.

Сауатты келісілген арбитраждық ескертпе — бизнес мүдделерін қорғаудың, шарттық тәуекелдерді азайтудың және коммерциялық дауларды болжамды түрде шешуді қамтамасыз етудің маңызды элементі.

Қағидалармен мына сілтеме бойынша танысуға болады: https://iccwbo.org/dispute-resolution/dispute-resolution-services/arbitration/rules-procedure/2026-arbitration-rules/#block-accordion-1

Төрелік ескертпе үлгісі

Арбитраж орталығы шартта келесі төрелік ескертпені пайдалануды ұсынады:

  1. Егер тараптар бір төрешіні (төреліктің жеке-дара құрамын) анықтаса:

«Осы Шарттан туындайтын не оған байланысты, оның ішінде оның бұзылуына, тоқтатылуына немесе жарамсыздығына қатысты барлық даулар, келіспеушіліктер немесе талаптар «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының Арбитраж орталығында оның қолданыстағы регламентіне сәйкес түпкілікті реттеуге жатады.

Төрелік құрамы бір төрешіні қамтиды.

Төрелік талқылауды өткізу орны __________________________ болады (қала көрсетілсін).

Төрелік іс қарау тілі _______________ болады (тіл көрсетілсін).

Осы Шарт _________________ материалдық құқық нормаларымен реттеледі (қай ел екенін көрсету керек)».

  1. Егер тараптар үш төреші анықтаса (төреліктің алқалы құрамы):

«Осы Шарттан туындайтын не оған байланысты, оның ішінде оның бұзылуына, тоқтатылуына немесе жарамсыздығына қатысты барлық даулар, келіспеушіліктер немесе талаптар «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының Арбитраж орталығында оның қолданыстағы регламентіне сәйкес түпкілікті реттеуге жатады.

Төрелік құрамы үш төрешіні қамтиды.

Төрелік талқылауды өткізу орны __________________________ болады (қала көрсетілсін).

Төрелік іс қарау тілі _______________ болады (тіл көрсетілсін).

Осы Шарт _________________ материалдық құқық нормаларымен реттеледі (қай ел екенін көрсету керек)».