Қазақстан халықаралық арбитражда жеңіске жетті: Е.Белавиннің Қазақстан Республикасына қарсы ісі бойынша арбитраждық талқылау тоқтатылды
2025-09-05 00:33
2025 жылғы 3 қыркүйекте ҚР Әділет министрлігі Қырғыз Республикасының азаматы Евгений Белавиннің Қазақстан Республикасына қарсы бастаған ЮНСИТРАЛ арбитраждық талқылауы трибуналдың 2025 жылғы 1 қыркүйектегі шешімімен тоқтатылғанын хабарлады. Еске сала кетейік, бұл талқылау 1997 жылы қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы шартқа (Kazakhstan – Kyrgyzstan BIT) негізделіп басталған еді. Арбитраждық талқылау аясында Е.Белавин 34 млрд АҚШ долларынан астам өтемақы талап етті. Іс Гаага қаласындағы Тұрақты аралық сот палатасында (PCA) қаралып, пайдалы қазбаларды өндіру және құрылыс салаларындағы инвестициялық дауға қатысты болды. Трибуналдың шешіміне сәйкес, талапкердің барлық талаптары қабылданбады. Оған қоса, талапкерге трибунал мен Тұрақты аралық сот палатасының (PCA) алымдарын төлеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сот шығындарын өтеу міндеті жүктелді. Арбитраж орталығы үшін бұл — арбитраждық рәсімдердің тиімді жұмысының үлгісі, ал Қазақстан үшін — мемлекеттің өз заңды мүдделерін қорғауға дайын екені туралы адал инвесторларға берілген сигнал.