Орталық Жаңалықтары

Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма мүшесі – Басқарма Төрағасының орынбасары Бижанова Гүлнара Кадиржанқызының РЕСМИ МӘЛІМДЕМЕСІ

Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Арбитраж орталығы» жекеменшік мекемесінің жалғыз құрылтайшысы ретінде, орын алған кадрлық өзгерістер туралы жұртшылықты хабардар етуді қажет деп санайды.

Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының бұйрығымен Арбитраж орталығының Атқарушы директоры Асқар Қалдыбаевтың өкілеттіктері тоқтатылды. Қазіргі уақытта Арбитраж орталығын дамытуды жалғастыратын, оның қызметін ұйымдастырудың жоғары стандарттарының сақталуын және арбитраж институтына деген сенімнің нығаюын қамтамасыз ететін жаңа Атқарушы директорды тағайындау жұмысы жүргізілуде.

Кадрлық шешім арбитраждық даулардың бірін қарау кезінде туындаған мән-жайларға байланысты қабылданды. Арбитраждық талқылау барысында процесті жүргізу кезінде этикалық стандарттардың сақталуына қатысты негізді ескертулер айтылды. Нақты даудың сипаты мен мазмұнына қарамастан, мұндай мән-жайлар тиісті бағалауды және ұйымдастырушылық шаралар қабылдауды талап етеді, өйткені Арбитраж орталығының қызметі заңдылық, тәуелсіздік, бейтараптық, кәсіби этика және арбитраждық талқылауға қатысушылардың барлығын өзара құрметтеу қағидаттарына негізделуге тиіс.

Арбитраж орталығының Атқарушы директоры Асқар Қалдыбаев, мекеме қызметін ұйымдастыру үшін жауапкершілік қағидаттарын және арбитраж институтына деген жоғары сенім деңгейін сақтауға ұмтылысты басшылыққа ала отырып, өз өкілеттіктерін доғару туралы шешім қабылдады. Оның атқаратын лауазымынан босату туралы өтініші қанағаттандырылды.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл жағдайды корпоративтік басқару жүйесін нығайтуға, Арбитраж орталығы қызметінің сапасын арттыруға және кәсіби әрі этикалық стандарттардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған ішкі ұйымдастырушылық рәсімдерді одан әрі жетілдіруге негіз ретінде қарастырады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Арбитраж орталығының құрылтайшысы ретінде, нақты арбитраждық істерді қарауға араласпайтынын, арбитрлердің пікіріне, ішкі сеніміне немесе қабылдайтын шешімдеріне қандай да бір ықпал етпейтінін және қаралатын даулардың нәтижесін алдын ала айқындауға құқылы еместігін ерекше атап өтуді қажет деп санаймыз. Арбитрлердің тәуелсіздігі, олардың бейтараптығы және шешім қабылдаудағы дербестігі арбитраждық талқылаудың негізгі қағидаттары болып табылады және оларды Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мүлтіксіз сақтайды.

«Атамекен» ҰКП заң үстемдігі, арбитраждың тәуелсіздігі, құқықтық қатынастарға қатысушылардың барлығының теңдігі және кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделерін құрметтеу қағидаттарын әрдайым ұстанады. Біз дауларды баламалы шешудің тәуелсіз институттарын дамытуды дәйекті түрде қолдаймыз және заң, кәсіби этика мен әділдік кез келген шешім қабылдаудың негізі болып табылатын құқықтық мемлекет құруға адалдығымызды сақтаймыз.

Басқарма мүшесі –

Басқарма Төрағасының орынбасары

Г. Бижанова